Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлер Әскери институтының әскери қызметшілері үшін жаңа оқу кезеңі мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағынан басталды.
Мемлекеттік-құқықтық дайындық жауынгерлік әзірлік бағдарламасына енген пәндердің қатарында айрықша есепте. Офицердің де, сержанттың да сана-сезімін сілкіндіріп, бойына қазақстандық патриотизм тұрғысындағы тәрбиенің дәнін себер бұл пән әрқашанда маңызды болған.
Институтатта өткен сабақтың тақырыбы ел тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі Қарулы күштердің маңызына, сондай-ақ жаңа оқу кезеңінде жоғары жауынгерлік әзірлікті ұстап тұруға арналды.
Институт бастығының бірінші орынбасары (оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі)-басқарма бастығы полковник Жәнібек Саргазин мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағының барысында жеке құрамға жаңа оқу кезеңіне арналған міндеттерді жеткізді. Олардың қатарында әскерлердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қолдау, жауынгерлік даярлық пен жеке құрамның далалық дағдысын жетілдіру, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйін нығайту және басқа да бірқатар әлеуметтік аспектілер бар.
«Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жоғары жауынгерлік әзірлікті ұстау туралы, Қарулы Күштердің 2024 оқу жылына жауынгерлік әзірлікті арттыру жөніндегі міндеттері» тақырыбы бойынша өткен алғашқы сабақтың барысында полковник Саргазин 2023 жылды қорытындылап, жеке құрамға алдағы 2024 жаңа оқу жылына бірқатар міндеттер қойды.
Өз баяндамасында Жәнібек Сұлтанұлы: ««Айбынды армия –тәуелсіздік кепілі!» ұранымен өтіп жатқан оқу жылына жоспарланған іс-шаралар өте көп. Алдағы уақытта өтетін түрлі жедел-тактикалық оқу-жаттығуларға профессорлық-оқытушы құрамы және курсанттарымыз тең дәрежеде қатысулары керек. Басты мақсат өткен оқу жылында жеткен жетістіктерді сақтап қалу», – деп атап өтті.
Әскери институт жеке құрамы 2023-2024 академиялық оқу жылында сапалы жауынгерлік дайындықпен әскери тәртіпті сақтауды көздеп отыр.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы
Құрлық әскерлер Әскери институтының
баспасөз қызметі