You are currently viewing ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов курсанттарды «Сардар» бақылау-кешенді курсының сәтті аяқталуымен құттықтады.

ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов курсанттарды «Сардар» бақылау-кешенді курсының сәтті аяқталуымен құттықтады.

Болашақ офицерлерге арнаған сөзінде генерал-майор Асан Жүсіпов «Сардар» курсы көшбасшылық қасиеттерді нығайтуға, нұсқаушы-әдістемелік дағдыларды жетілдіруге, курсанттардың кәсіби шеберлігі мен күш-қуат деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

– Бүгін сендер қойылған міндеттерді абыроймен орындап шықтыңдар. Енді жақын арада офицерлік құрамды толықтырасыңдар. Халқымыз бен еліміз үшін сенімді тірек болатындарыңа сенімдімін, – деді ол.

«Сардар» бақылау-кешенді курсы – болашақ офицерлерді даярлау жүйесіндегі жаңа жоба. Ол төрт кезеңнен тұрады.

Институттың командалық және оқытушылық құрамының жоғары кәсіби мамандары болашақ командирлерге шешім қабылдау мен жауынгерлік міндеттер қою тәртібін, жағдайды бағалау мен өзара іс-қимылды ұйымдастыруды үйретті.

«Сардар» курсының негізгі мақсаты – алған білімдерін қайталау мен бекіту, курсанттарды жалпыәскери ұрысты жүргізудің жаңа тәсілдерімен таныстыру, оларға жауынгерлік процесті тиімді ұйымдастыруға және сеніп тапсырылған бөлімшенің жауынгерлік мүмкіндіктерін шебер пайдалануға үйрету.

Оқу аяқталғаннан кейін «Сардар» курсының тыңдаушылары оқытудың негізгі пәндері бойынша кешенді емтихандар тапсырып, куәлік алды. Курстық дайындық барысында ерекшеленген оқытушылар мен курсанттар мерейтойлық медальдармен, грамоталармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.